Өмір дегенге тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,бекер ғой бәрі,бөтен ғой
Өмір дегенің -бір сәттік сәуле екен ғой.
Осынау бір сәттік өмірде жалт етіп сөнген тағдырлар аз ба?! Алды артыңа қаратпас ажал сағаты соқса, бәріміз де дәрменсізбіз. Арамыздан адал досымыз, қадірлі де абыройлы әріптесіміз Айман Матайқызы Нұркенова мәңгілікке кеткеніне бірнеше күн болса да, сенгіміз келмейді. Жаны жайсан, пейілі кең, ақкөңіл, қарапайым, жүрегі мейірімге толы адам еді.
Айман Матайқызымен бірге ширек ғасырдан астам уақыт Екібастұз қаласындағы №1 лицей-мектебінде еңбек етіппіз. Бұл – біз үшін ұмытылмас, қызыққа толы жылдар. Жаңашылдыққа бейім,еңбекшіл, өз ісінің хас шебері еді. Халықаралық грантқа ие болып, Америка елінде дәріс алып, өз білімін әрқашан шындай білген ұстаз.
Армандарың көп еді… Амал қанша, тым ерте келмеске кеттің ғой…
Жаның жәннатта болсын, Аллаһтың нұры жаусын! Қош бол, аяулы досымыз!
Әріптестері, құрбылары